еңбекке баулу » М.Мақсатов атындағы Ұзынтам орта мектебі
Алматы облысы білім басқармасының
Ұйғыр ауданы бойынша білім бөлімінің
"М.Мақсатов атындағы Ұзынтам негізгі мектебі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72778) 35-0-25
Есепші бөлімі:
+7(72778) 35-0-25
Нашар көрушілер
нұсқасы
29
март
2022

еңбекке баулу

Отбасы тәрбиесі - ата-аналар ықыласымен жүзеге асырылғанмен қоғамдық тәрбиемен сабақтасып отырады. Отбасындағы адамдар белгілі бір дәрежедегі дербес, қандас туыстар тобы болғанымен өзі өмір сүріп отырған қоғаммен, ондағы бүкіл қоғамдық қатынастар жүйесімен тығыз байланысты өмір сүреді. Отбасы өмірі материалдық және рухани үрдіспен сипатталады. Табиғи биологиялық және шаруашылық, тұтыну қатынастары оның материалдық жағын құраса, рухани жағын құқықтық, адамгершілік және психологиялық қатынастар құрайды.

Отбасындағы үлкендер қамқорындағы басқалар үшін қоғам алдында жауап береді. Адамды азаматтық тұғырға көтерер ең маңызды, ұлағатты, адамгершілікті, мәдениегтті қарым - қатынас осы отбасынан басталады. Үйдегі жасы кішілер ата - анаға қарап әдеп және тұрмыстағы мінез-құлық ережелерінен өнеге алады. Бала отбасында алғаш рет еңбек дағдыларына қатысып, үлкендерге көмектеседі, іні-қарындастарына қамқоршы болып, олардың өтініштері мен тілектерін орындауға тырысады, тапсырмаларды орындауға талпынады, ата-ананың, туысқандарының және басқа адамдардың еңбегін құрметтеуге және бағалай білуге үйренеді, белгілі бір мамандықты игеруге құштарланады. Ата-аналар өз тәжірибелері арқылы баланы жасынан үнемі отбасы қаражатын (бюджетін) жоспарлауға қатыстырып, оны тиімді етіп жұмсауға үйретіп отыруның маңызы зор. Мұндай жағдайда балалар материалдық қаржыны ұқыпты және жұмсалатын адам күшін дұрыс пайдалана білуге үйренеді, әрі олардың дүниеге көзқарасы қалыптасады, ой-өрісі кеңиеді, өскенде отбасы алдындағы жауапкершілігі артады, анаға, әкеге басқа да туыстарына көмектесуді негізгі борышым деп есептейді.

Әрине, мұның барлығы ата-ананың отбасындағы беделіне, жағымды өнегесіне, еңбектегі нәтижелі іс-әрекетіне, отбасы мүшелерінің бір-біріне сенімділігіне өзара жылы қарым-қатынасына, жұбайлардың сүйіспеншілігі мен түсінушілігіне де байланысты. Алайда, кейбір отбасы өмірінде алалық, қақтығысу, кертартпалық сияқты жағымсыз әдеттер де кездеседі. Осындай әдеттердің түп тамыры неде? Белгілі психолог А.В.Петровский отбасындағы қатынастарды үстемдік, қамқоршылық, қақтығысушылық, араласпаушылық, ынтымақтастық сияқты бес типке бөледі.

Үстемдік жағдайын балалардың өз бетімен іс-әрекет жасауына жол берілмейді, өзінің жеке өміріне немесе отбасына байланысты бірде-бір мәселені шешуде үй-іші кеңесіне қатыстырылмайды.

Қамқоршылық күшті жағдайда балаларын желге-күнге тигізбей, мәпелеп өсіреді. Бұндай күйде өскен бала, түрлі қиыншылықтармен кездескенде, дұрыс шешім таба алмай, өмірдің шынжыр торына түстім деп үрейленіп, қайғыра бастайды.Қақтығысушылық – отбасы мүшелерінің арасындағы қайшылықтан туады. Отбасында бір-біріне наразылық білдіру: бірін-бірі табалаушылық, келеке, қиянат жасау, ал кейде ашу үстінде тіпті орынсыз тиісу, беделіне нұқсан келтіру бір-бірімен шиеленістіруге ықпал жасайды, олардың ауыз бірлігі бұзылады. Араласпаушылық жағдайда үлкендер мен балалар әрқайсысы өз беттерінше бір-бірімен ақылдаспай, "томаға тұйық өмір сүреді. Отбасы мүшелерінің бірі кездей соқ қайғылы оқиғаға ұшыраса қалғандарының қайғысьна ортақ болуы өз дәрежесінде бола бермейді. Өйткені мұндай отбасында қатігездік, селқостық немесе мейрімсіздік сезімдері байқалады.
Ынтымақтастық үлкендер мен балалар арасындағы сыйласушылық негізіне (қағидасына) сүйенеді. Мұндай отбасында балалардың пікірлері де тыңдалып, барлық мәселе үй ішінің бірлескен кеңесінде шешіліп отырады. Ынтымақтастығы жарасқан отбасына әдептілік, сыпайылық, төзімділік, дау жанжалдан алыс болу белгілері тән. Ал, кейде түсініспеушілік немесе кикілжің сөздер бола қалған жағдайдың өзінде отбасы мүшелерінің бір-біріне ізгілік сезімін сақтағаны жөн.
Аталған қатынастар түрлерін ата-аналар әлдерінше зерделеп, терең түсінуінің маңызы зор. Өйткені олар өз қарым-қатынасы арқылы бала тәрбиелеп отырғанын бір сәтте ұмытпауға тиісті. Ата-аналар, тәрбиешілер мен мұғалімдер тәрбие жұмысын соның ішінде еңбекке баулуды дұрыс және тиімді етіп жүргізу үшін психологиялық және педагогикалық мәселелерді шешудің жолдарын, ерекшеліктерін жете білгендері дұрыс.

Отбасында баланы еңбекке тәрбиелей отырып біздің қоғамымыздың мұратына сай келетін қасиеттерді, жағымды мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру көзделеді. 5-7 жасқа дейінгі кезеңде баланы отбасында немесе балабақшада еңбек түрлеріне сәйкес еңбек ету дағдыларын қалыптастыру (өзіне-өзі қызмет ету, табиғаттағы еңбек, тұрмыстық-шаруашылық еңбек, қол еңбегі), үлкендер еңбегін құрметтеу және өзінен кішілерге көмектесу, өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау, тапсырмаларды орындауға ынталы болуға баулыған жөн. Балаға еңбек ету нәтижесінде қоғамдық пайдалы қызмет ету мәнін түсіндіру, еңбек әрекетіне қызығушылығын арттыру, сүйіспеншілік сезімдерін тәрбиелеу көзделеді. Еңбекке бейімдеуде баланың ықыласты болуына назар аударып, еңбек нәтижесін үнемі мадақтап отыру, өз жолдастарының, іні-қарындастарының еңбегін бағалай білуге дағдыландырып отырса, еңбек ету жөнінде дұрыс көзқарасын тәрбиелейді. Отбасында ата-ана баланы еңбексүйгіштікке баули отырып, өздігінен еңбек ете білуге, еңбек нәтижесіне қуануға, еңбек күш-қуатын толықтырып денсаулығын нығайтуға, қимыл-қозғалысының үйлесімді, сергек болып өсуіне ықпал ететінін түсіндіргені жөн.Күнделікті тұрмыста еңбек әрекеті күні бойына тұрақты түрде, әр кезеңдерде және арнайы сабақтар түрінде де жүргізілу ұсынылады. Өзіне-өзі қызмет ету, тұрмыстық-шаруашылық еңбек, табиғат аясындағы еңбек түрлері күнделікті іс-әрекет барысында іске асуы тиіс.
Ал, қол еңбек тақырыптары «Отбасы мен балабақшада баланы мектепке дайындау бағдарламасы» бойынша жүзеге асырылады. Мысалы: матамен жұмыс жасауда балаға алдын-ала дайындалған қиынды маталарды ұсына отырып, одан не жасауға болатынын сұрайды. Бала жастықша немесе қуыршақ киімін тігуге талпынса, оның үлгісін дайындауға, ине жіппен жұмыс істеуге (инені сабақтау, тігу түрлері т.б) бағыт беріп көмектесу қажет. Ине, қайшымен жұмыс жасауда қауіпсіздік сақталуын қатаң қадағалау тиімді. Анасы өзі іс тіккенде қыз баланы сол іс-әрекетке қатыстырып, бақылау жасату болашақ еңбектің алғы шарты болмақ (матаның шетін ұстап жібер, қайшыны әпер, жіпті қиып ал, құрақ құрағанда қиылған маталарды түр-түсіне, пішініне қарай орналастыру т.б.).
Өндіріске қажетсіз заттармен жұмыс жасауда үй-ішінде әр түрлі жіптерден шашақ бау жасауға, сусындардан босаған бөтелкелерден ойыншықтар, басқа пішіндегі ыдыстар (гүл сауыт), аңдар, құстар бейнелерін жасату балалар үшін өте қызықты болмақ. Үлкен-кіші етіп үрленген шарға жіпті орау, желім жағуға көмектестіру, жіп барлық шардың бойымен оралып болған соң оны кептіріп қояды.

Кепкен соң одан не жасауға болатынын келіседі, үлкен бөлігін балапанның денесі, кіші бөлігі басы ретінде пайдаланып, тұмсығын, көздерін, құйрығын, аяғын түрлі-түсті қағаздан қиып желімдейді. Ең соңында шарды тесіп, денесінен бөліп алып тастайды. Жіпті сары бояумен бояуға немесе бірден сары түсті жіп алуға болады. Балапанды жасыл түсті қағазға орналастырып шалғында жайылып жүрген кейпін бейнелету әсерлі болады. Қағазбен жұмыс жасатуда қағаз түрлерімен таныстыра отырып (жұқа, қалың, картон, жылтыр қағаз, түрлі-түсті қағаз т.б.) жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін меңгеруге баулиды. Қағазды бүктеу, бірнеше бөліктерге бөлу, қабаттап бүктеу, сызықтары бойынша қиюға жаттықтырады. Қағаздың көлемі, түр-түсіне сәйкес үйлестіре жазықтыққа қиып жапсыру іскерліктерін меңгертеді. Қағаздан түрлі ойыншықтар (конус, цилиндр пішіндес) тұтынатын бұйымдар, жасау-жиһаздар, т.б., ою-өрнектермен әшекелей отырып, түрлі жемісті еңбек нәтижесіне жете алады. Мысалы: 5 жастағы Данамен бірге қызғалдақ гүлін қағазды бүктеу арқылы жасағанда алдымен тік төртбұрышты қызыл түсті қағазды алып, оның бір бұрышын шаршылап ұшбұрыш жасай бүктеп алдық та, қағаздың артық бөлігін қиып алып тастадық. Қос қабатталған үшбұрыштың тұйық жағын төмен қаратып, ұстай отырып, оны 1 см. етіп қайыра бүктедік. Қағазды аударып, екі шетін жоғары қарай көтеріп бүктесе, қызғалдақ гүлі болатынын байқадық. Енді гүліміз әдемі болу үшін оның қандай бөліктері бар еді? - деп баланы ойлануға жетелеп, гүлдің сабағын жасыл түсті қағаздан түзу қиып алып желімдедік. Ал, жапырақтарды қию үшін қағазды қос бүктеп, қарындашпен жапырақты сызып алып қабаттап қиғанда екі жапырақ бірден дайын болатынын көріп Дана қуанып кетті. Оны сабағының екі жағынан жапсырып, әдемі гүлді анасына сыйға тартты. Қағазбен _жұмыс жасауда Жандос қоян жасауды өте жақсы көреді.Ол қағазды шаршылап бүктеп, артык, бөлігін қиып алып тастады да дайын болған үшбұрышты қайта қабаттап үшбұрыштап бүктеп алып: жанкөке, маған қайшы берші, қоянның құлағын жасаймын дейді. Қане, сен құлақты қалай қию керек екенін білесің бе? - деп сұрадым, ол қағаздың бұрышын көрсетті, мен оған қарындашпен қиылатын бөлігін сызып көрсетіп бағыт бердім, сызық бойымен қиып, құлақтың артқы бөлігін төмен қарай бүктеп денесін жасады да, қарындашпен көздерін әдемілеп бояп, ақ қоянды інісі Дастанға ойнауға берді.

Отбасында баланы еңбекке баулуда ата-аналар қаперінде мына төмендегі жайларды ескеруі тиіс:

еңбек іс-әрекетінің негізгі мазмұнын айқындап алу;еңбектің қай түрімен айналысатынын алдын ала жоспарлау;
еңбек етуге қажетті құрал-жабдықтарды дайындап, жұмыс жасауға қолайлы жағдай туғызу;

шұғылданатын еңбек түріне сәйкес бағыт-бағдар беру, көмектесу, басшылық жасау;

еңбек түрлеріне байланысты әдістемелік әдебиеттермен танысу;
еңбек әрекетінің әдіс-тәсілдерін меңгеру; балаларға үйретудің тиімді жолдарын қарастыру;

еңбек етуге баланың ынта-ықыласын, қызығушылығын үнемі арттырып отыру;баланың еңбек нәтижесіне назар аударып, мадақтап оны сыйға тартуға немесе пайдаға жаратуға бағыт беру;

еңбектің бала жасына лайықты болуын, шектен тыс күш түсірмеуін қадағалау;

күнделікті тұрмыспен, салт-дәстүрмен сабақтастыра отырып баланы еңбекке тәрбиелеу.

Ата- анаға кеңес 

Похожие публикации: